Ыдыс-аяқтың пісірілген тағамның сапасына қаншалықты әсер ететінін білесіз бе? Тіпті ең пайдалы тағамды дұрыс таңдалмаған табамен немесе кастрөлмен бүлдіруге болады. Пайдалы тағам дайындау үшін қандай ас үй ыдыстары жақсы екенін талқылап көрейік.
Ыдыс-аяқты таңдаудағы ең маңызды критерий — оның қандай материалдан жасалғандығы. Қазіргі уақытта ең көп таралған материалдар:
• тот баспайтын болат;
• эмальданған болат;
• шойын;
• алюминий;
• ыстыққа төзімді шыны;
• керамика;
• пластик.
Сонымен қатар, күйікке қарсы керамикалық және тефлонмен қапталған ыдыс-аяқтар да танымал.
Тот баспайтын болат
Осы материалдан жасалған ыдыс ең үздіктерінің бірі деп саналады. Оның артықшылықтары:
1. Гигиеналығы.
2. Жоғары ұзаққа жарамдылығы.
3. Тиімділігі.
4. Тартымды сыртқы түрі.
Тот баспайтын болат зиянды заттарды шығармайды және өнімнің дәмінің сапасына әсерін тигізбейді. Мұндай материалдан жасалған ыдыста кез-келген тағамды қауіпсіз дайындауға және тамақ сақтауға болады. Алайда, егер сіз тот баспайтын болаттан жасалған кәстрөлде тұздықты ұзақ уақыт сақтасаңыз, онда дақтар пайда болуы мүмкін. Бірақ оларды оңай кетіруге болады. Мұндай ыдыстарды қатты қыздыру ұсынылмайды, себебі ол әдемі сыртқы түрін жоғалтуға әкеледі, түрлі-түсті дақтар пайда болады.
Эмальданған ыдыс
Мұндай ыдыстар сорпалар, рагу, қышқыл тамақтар дайындауға, сондай-ақ өнімдерді тұздауға немесе ашыту үшін өте қолайлы. Оның бағасы тот баспайтын болаттан жасалған ыдыстарға қарағанда әлдеқайда арзан. Алайда, оның бір маңызды кемшілігі бар — эмаль шытынап кетуі мүмкін.
Эмальданған кәстрөлдер әдетте шойыннан немесе болаттан жасалады және шыны тәрізді массамен жабылады. Эмаль азық-түліктермен өзара әрекеттеспейді. Алайда, егер ол шытынап кетсе, оның астындағы металлды тот басып, тамақты улай бастайды. Сондықтан мұндай ыдыстарды өте мұқият қолдану керек, жұмсақ губкамен тазалап, температураның күрт өзгеруіне жол бермеу керек.
Шойын ыдыс
Мұндай ыдыс өте берік. Әркімнің мұраға қалдырылған табасы немесе қазаны болуы әбден мүмкін. Шойынның жылу өткізгіштігі төмен, ол баяу қызады және салқындайды. Сондықтан одан жасалған ыдыстар, мысалы, бұқтырылған ет немесе палау сияқты «ұзақ» тағамдарды дайындауға өте ыңғайлы.
Шойынды тот басуы мүмкін, сондықтан өнімді одан жасалған ыдыста сақтамаған дұрыс. Тамақты дайындап, ыдысты жуғаннан кейін оны мұқият сүрту керек.
Алюминий ыдыс
Мұндай ыдыс ең көп таралған. Мұның бірнеше себептері бар, ол:
• ұзаққа жарамды;
• қымбат емес;
• жеңіл;
• жылу өткізгіштігі жоғары (тамақ тез дайындалады);
Алайда мұндай ыдыста қышқыл және ащы тағамдарды пісіруге, көкөністерді қуыруға немесе қайнатуға болмайды. Кез-келген қышқыл немесе сілті алюминийді бұзады, ал зиянды заттар тағамға енеді. Мұндай ыдыста тамақ сақтауға да болмайды, себебі ол тотығуы мүмкін.
Ыстыққа төзімді шыныдан жасалған ыдыс
Ыстыққа төзімді шынының басты артықшылықтары:
• гигиеналығы;
• жоғары экологиялығы;
• тамақ қалдықтарын оңай кетіруге болады;
• қысқа толқынды пеште пайдалану мүмкіндігі.
Шынының жылу өткізгіштігі төмен. Мысалы, шыныдан жасалған шайнектегі суды жылыту алюминий шайнекктегіге қарағанда әлдеқайда ұзаққа созылады. Шыны ыдыстар да шытынап кетуге бейім. Бұл температураның күрт өзгеруінен немесе физикалық әсердің салдарынан болуы мүмкін.
Қыш ыдыс
Қыш — ас бөлмесіне арналған керек-жарақ үшін ең үздік материал. Мұндай ыдыста дайындалған тағам қоректік заттарды көбірек сақтайды және сыртқы иісі мен дәмі болмайды. Керамиканың жалғыз кемшілігі — сынғыштық.
Пластик ыдыс
Пластикалық ас бөлменің керек-жарақтарын дайындайтын ең қауіпті материал болып саналады. Пластиктен жасалған ыдыстар тек тамақты қысқа толқынды пеште жылытуға немесе тағамдарды сақтауға және тасымалдауға ғана жарамды.
Ең дұрысы — пластиктен жасалған контейнерлері қолданудан бас тартқан жөн. Пластмасса термиялық әсер еткенде зиянды заттарды бөліп шығарады. Егер олардың ағзадағы концентрациясы белгілі бір деңгейге жетсе, бұл ісік тудыруы мүмкін. Әсіресе, меламиннан жасалған ыдыстар ерекше қауіпті.
Керамикалық және тефлон жабыны
Керамикалық жабын өзін жақсы жағынан көрсетті. Ол сызаттарға, қышқылдар мен сілтілердің әсеріне төзімді, оңай тазаланады және 450 градусқа дейінгі температурада қолдануға болады. Осындай жабыны бар табалар қуыру мен бұқтыруға өте ыңғайлы.
Тефлонмен бәрі оңай емес. Бұл жабын қуыру және бұқтыру үшін де тамаша үйлеседі. Дегенмен, ол оңай зақымдалады. Сондықтан, тамақ дайындау кезінде ағаш немесе тефлоннан жасалған қасықтарды пайдалану керек. Егер жабында айқын ақаулар пайда болса, онда ыдыс-аяқ қоқысқа тасталуы тиіс.
Ыдысты таңдаған кезде, дайындалған материалы басты рөл атқарады. Қалғанында, ыңғайлылық пен сыртқы түрін басшылыққа алуға болады. Егер сіз пайдалы және дәмді тағамдарды жегіңіз келсе, тамақ дайындау үшін дұрыс ыдысты таңдаңыз.